Талай баланы аман алып қалған елордалық дәрігер қайтыс болды

Астанадағы  №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы №1 көпбейінді балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Александр Граб мезгілсіз дүниеден өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресми ақпаратқа сәйкес, дәрігердің өліміне қатысты нақты себептер жарияланған жоқ. Дегенмен оның өмірін балалардың саулығына арнаған еңбегін жоғары бағалаған ата-аналар мен әріптестер әлеуметтік желілерде қайғырып, көңіл айтып жатыр.

Аурухананың баспасөз қызметі әріптесінің қазасына байланысты ресми мәлімдеме таратты.

Балалар анестезиологы және реаниматолог дәрігері Александр Васильевич Грабтың өмірден өткенін ауыр күйзеліспен қабылдадық. Ол бар саналы ғұмырын балалардың өмірін сақтап қалуға арнады. Ұзақ жылдар бойы жансақтау бөлімін басқарды, кәсіби біліктілігімен және адамгершілігімен ерекшеленді. Білікті маман, мейірімді әріптес әрі үлкен жүректі азамат ретінде оның есімі біздің жадымызда мәңгі қалады. Аурухана ұжымы марқұмның отбасына, туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады, – делінген хабарламада.

Александр Граб – балалардың өмірі үшін күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің бірі болған. Әріптестері оны кәсібіне адал, сабырлы, өз ісінің шебері ретінде сипаттайды.