Табиғи газ беру жұмыстары жүргізілуде
Төлеби ауданында 55 елді мекеннің 7-уі биылғы жылдың аяғында және 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында көгілдір отынға қосылады. Ал, қалған 48 елді мекендегі 115 366 тұрғын, 20 951 абонент орталықтандырылған табиғи газ тұтынушысы болып табылады. Қасқасу, Кеңесарық, Керегетас, Жоғарғы Қасқасу, Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы елді мекендеріндегі газ тарту ісі бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін республикалық бюджеттен 472,0 млн теңге қарастырылды. Жоба аясында 9 767 тұрғын, 1663 абонент табиғи газбен қамтылады.
Сондай-ақ, Ленгір қаласының Күмістөбе, Кенші көшелері, Достық елді мекенінің Астана көшесі, Киелітас елді мекені Қарауылтөбе, Қорған көшелеріне газ құбырын тарту толық аяқталып, қазіргі таңда табиғи газ беру жұмыстары жүргізілуде.
Бұған қоса, Көксәйек елді мекеніндегі Төлеби, Әйтеке би, Тұрсынбай көшелерін және Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі Социал массивін табиғи газбен қамтамасыз етуге 54,1 млн теңге қаржы қарастырылып, 4,4 шақырым газ құбыры тартылып, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бірлесе отырып, аталған көшелердің газын іске қосу бойынша құжаттар әзірленуде.
Ленгір қаласының Таскешу және Сәулембаев көшелеріне 28,6 млн теңге, Север мөлтек ауданына 36,5 млн теңге бөлініп, квартал ішілік газ құбыры тартылды. Қазіргі кезде газды іске қосу бойынша құжаттары әзірленуде. Осы нысандар іске қосылса аудандағы 55 елді мекен 100 пайыз орталықтанған газбен қамтылатын болады.
Табиғи газ тарифтеріне тоқталатын болсақ, тариф ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 2022 жылдың 30 маусымдағы хатына сәйкес, 1 шілдеден бастап халыққа табиғи газбен жабдықтау тарифі 1м3-қа: 31, 36 теңгеден 32, 64 теңгеге өссе, заңды тұлғаларға 35, 55 теңгеден 36, 97 теңгеге өсті. Өсу пайызы орташа есеппен 1,04%.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі