Сырдариядағы қайғылы оқиға: 9 адамның денесі жер қойнына тапсырылды

Отырар ауданы Сырдария өзенінде суға батып, қайтыс болған 9 адамның жаназасы шығарылды. Марқұмдардың денелері бүгін Көксарай ауылында жер қойнына тапсырылды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында қайғылы жағдайға ұшыраған әулетке арнайы барды. Сырдария өзенінде орын алған оқыс оқиғадан қайғы жамылған әулеттің ата-аналарына, ет жақындарына көңіл айтты. Қайғыларына ортақтасып, құранға қатысты. Тиісті көмек көрсетіп, қажеттілігінше қолдау ұйымдастыру жүргізілетіндігін жеткізді.

Соңғы деректерге сүйенсек, суға кеткен бір әулеттің адамдары құдалықтан шығып, өзен бойына тоқтаған. Марқұм болғандар бір атаның 4 баласынан тараған. Бір күн бұрын әулеттің ең үлкен ұлының үйінде баласының құдалығы өткен екен.

Еске салсақ, 21 тамызда кешкі сағат 6-лар шамасында Отырар ауданы Көксарай ауылынан 3 шақырым жердегі Сырдария өзенінде ағайынды төрт отбасының 11 адамы суға батып кеткені туралы белгілі болды. Оның 8-і кәмелет жасына толмаған балалар.

12 жасар ұл бала мен 10 жасар қыздың денесін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

ПІКІР ЖАЗУ