Сыбайлас жемқорлыққа қарсы карта әзірленді

Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүйелі 15 саланы қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің карталарын әзірледі. Білім, медицина, жер қатынастары, тұрғын үй, әлеуметтік қамту, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, жол, бизнес, сейсмология, сот және полиция сияқты бағыттарды қамтыған бұл карталар алдын алу және жедел тергеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы, генерал-майор Қанат Сүлейменов мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта жер учаскелерін беру мен алу мәселесі ерекше бақылауға алынған. 2020-2024 жылдар аралығында Шымкент әкімдігі 28 млрд теңге сомасына 269 гектар аумақтағы 1 541 учаскені мемлекет мұқтажы үшін сатып алды. Сонымен қатар, 5 717 гектар аумақтағы 4 579 учаскені алу туралы шешім шығарылған. Алайда бұл шешімдердің 3 мыңнан астамы әлі орындалмаған. Талданған мәліметтер көрсеткендей, мұндай кідірістер жер учаскелерінің қымбаттауы, меншік иелерінің өзгеруі және шұғыл сатып алу қажеттілігіне байланысты туындаған»,- деді Қанат Сүлейменов.
Спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін енгізілген 34 ұсынымның 19-ы қазіргі уақытта ішінара орындалуда. Ауыр атлетика, жекпе-жек және басқа спорт түрлері ұйымдарының 19 жаттықтырушысы мен 13 әдіскерінің жалған құжаттар негізінде алған «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы» және «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты әдіскер» атақтарының күші жойылды.
Негізсіз үстемеақылар үшін бюджетке 1,9 млн теңге қайтарылды. Сонымен қатар, бюджеттік спорт ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны есептеуде бірнеше кемшіліктер анықталды. Құқықтық актілердегі олқылықтар, жаттығу процесін қамтамасыз ету үшін қосымша ақыны өз бетінше есептеу мүмкіндігі негізсіз жоғары үстемеақылардың қалыптасуына ықпал еткен.
Бірқатар спорт мекемелерінде жалақыға қосымша ақы 500%-дан асатын жағдайлар орын алған. Әкімшілік-басқару персоналына да үстемеақы есептеледі. Оқу процесіне қосымша ақылар спорт мектебі директорларының жүргізушілеріне, коменданттарға, референттерге, мұрағатшылар мен от жағушыларға тағайындалған. Осы тұрғыдағы жалпы сомасы 15,5 млн теңгеге 16 факті анықталып, 13,3 млн теңге бюджетке қайтарылған.

ПІКІР ЖАЗУ