Сүйінші! Америкадағы тұңғыш қазақ газеті
Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, ойда-жоқта «KAZUNITE» дейтін халықаралық онлайн газетіне тап болдым. «Америкада қазақтың да газеті болса ғой» деген арманымызға алғаш қадам жасадық…» деп басталыпты аңдатпасы.
Сүйіншілейтін жаңалық болған соң, қуана қолыма қалам алып отырмын. АҚШ, Еуропа, Түркия және Қазақстанда тұратын әріптес-шәкірттерім онлайн арқылы бір шаңырақ астына бірігіп, азуын айға білеген алпауыт ел – Америка төрінде тұңғыш қазақ газетін дүниеге алып келіпті!
Жер бетінде тарыдай шашылған қалың қазақты бір ақпарат құралы төңірегінде біріктіруді мақсат тұтқан басылым шет елдердегі қандастарымыздың тыныс-тіршілігін насихаттап, абыройымызды шет жұртта танытып жүрген ғылым, өнер, инновация, бизнес салаласындағы озық ойлы азаматтарымыздың жеткен жетістіктерін оқырманға кеңінен таныстырып отырмақ.
«Біз кейіпкерлеріміздің сөзін бұрмаламай жариялаймыз. Біз цензураға бағынбаймыз. Цензурамыз – өз Арымыз бен Ұятымыз!» деп үн тастайды газет.
Мультимедиялық басылымның редакциясы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан.
Әзірге жазбаларын «Ақпарат», «Инновация», «Сұхбат», «Көзқарас», «Мотивация», «Өмір салты» айдарларына топтаған электронды газет тек қазақ тілінде, қазаққа қажет деген мақалалар мен ақпараттармен бөлісіп отыр. Алда Қазақстанды шетелдіктерге танытуға септігі тиетін жаңалықтарды, табысты тұлғалар жайлы қызықты материалдарды ағылшын тілінде де беріп отырмақ. Кей мақалаларды Ахаңның төте жазуымен де оқуға болады.
Бір қызығы – қызықты мақалаларды аудио нұсқасын қосып қойып, жолда кетіп бара жатып та, ас бөлмесінде ас қамымен жүріп те тыңдауға болады.
Қазір газеттің АҚШ, Англия, Польша, Италия, Түркия және Қазақстанда өз тілшілері бар: Назира Байырбек (АҚШ, Нью-Йорк), Роза Мизанбай (Еуропа, Польша), Айжан Көшкенова (Италия, Нидерланд), Гүлмира Аймағанбет (Қазақстан, Астана), Лира Қоныс (АҚШ, Калифорния), Гүлжаз Қарыбек (Түркия, Анкара). Техникалық редакторы белгілі журналист Нұрдәулет Кәкіштегі.
Осылардың ішінде төртеуінің – біздің Ахмет Ясауи Университетінің түлектері екендігі қуантып отыр!
«Алғашында электронды газетімізді kazmeta сияқты қазіргі «модный» сөзбен атағымыз келген, – дейді «Kazunite» жобасының авторы һәм құрылтайшысы Назира Байырбек. – Ішкі компексімізді көрсетіп «kaz», «qaz», яғни «қазақ» тіркесінен де қашқақтағымыз келген. Бірақ қазақтың әлі де толық біріге алмай, шет елдердегі қазақ диаспоралары мен Қазақстан арасында тығыз байланысы орнай алмай жатқан тұста, kaz тіркесі орнықты ұғым ғой деп ойладық. Былайша айтқанда, сайтымыздың аты «қазақтың бірігуі» деген мағынаны беріп тұр».
Осынау газеттің тіліне, руына, бастан кешкен тарихына, тұрған жеріне қарамай әлемнің әр түкпіріндегі қазақты біріктіретін ақпарат құралы болатына сенімдіміз!
БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІ