Су тасқынынан зардап шеккендердің кредиті кейінге шегеріледі
Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабының брифингінде ҚР ҚНРДА Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Қайрат Тұрымтаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, зардап шеккен азаматтарға шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету іс-шараларын іске асырады.
Жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылатын барлық азаматтардың кредиттері бойынша төлемдер автоматты түрде 2024 жылғы 1 сәуір мен 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады. Зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқыны салдарының ықпалына байланысты туындаған төлемдерді кешіктірілгені бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар кейінге қалдырылады, – деді Тұрымтаев.
Оның айтуынша, зардап шеккен барлық дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ су тасқыны шаруашылық қызметінің бұзылуына әкеп соққан шағын және орта бизнес субъектілеріне олардың берген өтініштері ескеріле отырып, кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілетін болады.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына, табысы мен қаржылық жағдайына келтірілген зияны әсерін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізіледі, оның негізінде кредиттер бойынша дербес қолдау көрсетудің қосымша шаралары айқындалатын болады, – деді Тұрымтаев.