Студенттер 2026 жылдан бастап ЖИ негіздерін оқиды

Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллектіні жоғары білім берудің міндетті элементі ретінде енгізіп жатыр. Бұл туралы XVI Еуразиялық Kazenergy форумының “Жұмысшы мамандықтар жылы: адамдар энергиясы” атты панельдік сессиясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасанды интеллект барлық білім беру бағдарламаларында міндетті курсқа айналады. Біз оны келер жылдың ақпан айынан бастап енгізуді бастаймыз, – деді министр.

Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарында кең аудиторияға арналған төрт сатылы бағдарлама іске қосылады.

Шамамен 100 мыңға жуық студент осы курстарды аяқтайды. Студенттер мамандығына қарамастан, жасанды интеллектінің негіздерін оқиды, – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, оқу ашық онлайн-платформаларда және университеттерде қолжетімді болады. Курсты тек студенттер ғана емес, сонымен қатар оқытушылар мен кез келген қалаған адам өтуге мүмкіндік алады.