Спортты серік еткен тәртіп сақшысы

“Шынықсаң шымыр боласың” демекші, елімізде спортқа қызығушылар мен кәсіби түрде айналысатын азаматтардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Солардың ішінде спортта ел намысын қорғап жүрген ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері де жетерлік әрі олар үшін әрдайым бабында болу маңызды.

Олай болса оқырман назарына погон таққан спортшы жайлы ақпарат ұсынады. Спорт дегенде әлі күнге дейін ел аузынан түспей жүрген XXXIII жазғы Олимпиада ойындары туралы айтпай кету мүмкін емес.

Парижде Жақсылық Үшкемпіров атамыздың ұзақ күткен арманы орындалды. Өзі көрмей кетсе де, бүкіл қазақстандық сол арманның орындалғанына куә болды. 44 жылдан кейін татамиде Қазақстанға тең келер қарсылас жоқ екенін дәлелдеп, елге алтын сыйлаған ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Елдос Сметов жастарға рух сыйлады.

Бұл айқын жеңістің ар жағында спорттағы бұзылмас режим тұр. Елдостың бұл жеңісінен кейін замандастары да, кейінгі буын да мәңгілік шабыт алғаны, кеудеде мақтаныш оты лаулағаны сөзсіз! Жарыстарда жеңісті қолдан бермей жүрген бұрымды тәртіп сақшылары туралы таңды таңға жалғап жазуға болады.

Оған дәлел – Түркістан облыстық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы Айнұр Ақжігітова. 12 жылдан бері спортпен үздіксіз айналысып жүрген погон таққан ару жарыстардан туған жеріне жүлдесіз қайтпаған. Оның жеңіске деген жігеріне ел сүйсінеді.

Батырлығы мен батылдығы бір бойынан табылатын Айнұр 2020 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Қызмет пен спортты ұштастыра алған погонды ару самбодан, жауынгерлік самбодан, белбеу күресінен және қазақ күресінен спорт шебері атанған. Айнұр осы жылы да жеңісті ешкімге бермеді.

26 маусым мен 2 шілде аралығында Макао қаласында ересектер арасында өткен Азия чемпионатында жауынгерлік самбодан 65 келі салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп, аспан асты елінде көк Туымызды көкте желбіретті.

Авторы: АҚМАРАЛ ҒАЛЫМҚЫЗЫ

 

ПІКІР ЖАЗУ