Спорт саласының мамандары марапатқа ие болды

Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні. Аталған мерекеге орай, аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шарада ауданның абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан спортшылар мен осы салада абыройлы еңбек етіп, өшпес із қалдырып, шәкірттері әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан көрінген жаттықтырушылар Төлеби ауданының 90 жылдық мерекелік медалі, аудан әкімінің «Алғыс хаты», облыстық және аудандық мәслихаттың Грамотасы, «Құрмет Грамотасымен» марапатталды.

Төлеби ауданында 397 спорт нысаны жұмыс істеп, олар бүгінгі күні ел мерейін үстем етіп жүрген тұғырлы өлкеміздің талантты спортшыларын дайындауға өзіндік үлес қосып келеді.

Жеңісті спорт – еліміздің көкбайрағын көкке көтеріп, әнұранның шырқалуына бірден бір себеп болатын мереке. Осы жағдайда аудан спортшыларының халықаралық және республикалық, облыстық жарыстарда, үздік нәтижелерді көрсетіп келетіні біз үшін үлкен мақтаныш.

Жалпы, спорт – елімізде ҚР Президентінің қолдауына ие болған салалардың бірі. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасындағы спортпен шұғылданатын адамдар санын көбейту қолға алынды. Нәтижесінде, спорт секцияларының саны артып келеді. Сонымен қатар, аудан аумағында жыл сайын облыстық дәрежедегі «Көшпенділер», «Төлеби ойындары» атты ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылуда.

Аудан аумағында спорттық нысандар саны артуда. Атап айтар болсақ, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық – сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Көксәйек және Мәдени елді мекендерінде спорт кешендерінің құрылысын жүргізу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Аталған саланы дамытуға кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып, өз қаржыларына спорттық кешендер тұрғызып, ел игілігіне пайдалануға беруде. Аудан аумағында спорт инфрақұрылымдарын, оның ішінде шалғай елді мекендерде демеушілер және бюджет есебінен ашық спорт алаңдарын салу арқылы спортпен шұғылданушылар санын 2025 жылға дейін 45 пайызға өсіру жоспарланып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ