Спорт ардагері әлем чемпионаттарындағы жүлдесі үшін ақшалай сыйақы алатын болды

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спорт ардагеріне әлем чемпионаттарында иеленген жүлделі орындары үшін ақшалай сыйақы төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талапкер К., Федерация арқылы халықаралық жарыстарға қатысып, грек-рим және еркін күрес бойынша ардагер спортшылар арасындағы әлем чемпионаттарында Қазақстан Республикасын Мемлекеттік Ту астында таныстырған. Атап айтқанда:
- 2015 жылы Афина (Грекия) – екінші орын;
- 2018 жылы Пермь (Ресей) – екінші орын;
- 2019 жылы Тбилиси (Грузия) – екінші орын.
Талапкер уәкілетті органға ақшалай сыйақы төлеуді сұрап жүгінгенімен, оған бас тарту туралы шешім қабылданған болатын. Алайда сот халықаралық спорттық жарыстардағы жүлдегерлерге сыйақы төлеуге ешқандай шектеу жоқ екенін анықтады.
Сот шешімімен 2025 жылғы 25 мамырдағы ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту туралы әкімшілік акт заңсыз деп танылып, күшін жойды. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі талапкерге 2015, 2018 және 2019 жылдары әлем чемпионаттарында алған жүлделі орындары үшін ақшалай сыйақы төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, талапкерге 2 360 теңге мемлекеттік баж қайтарылып, сот өкілінің қызметі үшін 300 000 теңге өндірілді.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ, апелляциялық шағым берілуі мүмкін.




