СОЗАҚТЫҚ ТҮЛЕКТЕР МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА БАСПАНА ТАРТУ ЕТТІ

Созақ ауданы, Созақ ауылының мектеп бітірген түлектері жыл сайын мұқтаж отбасыға баспана сыйлайды. Бұл дәстүрдің бастау алғанына бірнеше жыл болды. Ұрпақтар сабақтастығын жоғалтпаған Созақ ауылының «Созақ» мектеп-гимназиясының 20 жыл бұрынғы түлектері биыл да жалғызбасты, екі ұл, бір қыз тәрбилеп отырған мүмкіндігі шектеулі анаға баспана берді. Құрылыс жұмыстарын өздері жүргізіп, зәулім, заманауи үй салды. Жаңа үйдің қабырғасын жиһазбен толтырып, Салтанат Ахметоваға салтанатты түрде табыс етті. Тұрғын үйді тапсыру рәсімінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков түлектерге алғысын жеткізді.
– Созақ – тұрғындарының пейлі кең, берекелі ауыл. Мұнда түлектердің үй сыйлауы дәстүрге айналып келеді. Бүгін осындай үлкен жүректі азаматтардың арқасында бір отбасы баспаналы болды. Барлығына ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев та жылы лебізін жеткізді.


Игі істің басында жүрген «Созақ» мектеп- гимназиясын бітіргеніне 20 жыл болған түлек Әскербек Талғатұлы «Бойымызда мақтаныш сезімі ұялап тұр. Үй салып, мұқтаж жанға беру – сауапты іс. Осы жолда ұйымшылдық танытқан барша сыныптастарымызға ризашылығымды білдіремін» дейді.
Жаңа, кең 5 бөлмелі үйде жылу жүйесі қосылған. Қосалқы шаруашылыққа арналған 20 сотық жері бар. Үй иесі қуанышын жасыра алмай, игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ПІКІР ЖАЗУ