Созақ: Таукент тұрғындары бір отбасыға баспана кілтін табыстап, қуанышқа бөледі

Бүгін Таукент кентінің тұрғыны Құдиярова Айбала апаға ізгі ниетті кент тұрғындары көп қабатты тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, қуанышқа бөледі.

Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысты. Игі іске ұйытқы болған барша азаматтарға жылы лебізін арнап, баспана иесін қоныс тойымен құттықтады.

– Бүгін біз мейірімділік пен ізгіліктің куәсі болып отырмыз. Еселі еңбектерімен елдің құрметіне, көптің ықыласына бөлене білген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы Айбала апаға сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ осы істің басында болған, кент тұрғыны Гүлбану Жақайқызына тұрғындар атынан алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.

Кент тұрғындары мен шараға жиналған қонақтар ақ дастархан басында бас қосып, арнайы құран бағышталды. Онда ел ағалары мен ардагерлер осындай игі шаралардың өрелі жас ұрпақтың бойына изгі қасиеттерді сіңіретінін айтып өтті.

Айта кетейік, 5 желтоқсан күні Таукент кентінің тұрғыны Құдиярова Айбала апаның шаңырағында таңға жақын уақытта өрт шығып, баспанасы өртке оранды. Өрт салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер болмады.  Өрттің салдарынан барлық бөлмелері жанып кеткен және үйдің шатыры толықтай зақымданды.

Бұл жөнінде игі істің басында жүрген, кент тұрғыны Гүлбану Жақайқызы –Мен Айбала апаның шаңырағы өртке оранғанын 5 желтоқсан күні таңғы уақытта естідім. Содан жақсы іске жанашыр, ақ тілеулі кент тұрғындары апаның шаңырағына түскен ауыртпалықты бірге еңсеруді ұйғардық. Не бәрі 4 күнде 10 млн-ға тарта қаржы жиналды. Оның 4 миллионын «Инкай» БК» ЖШС аударса, қалған қаржыны жанашыр азаматтар жинады. Бүгін міне осы қаржыға көп қабатты тұрғын үйдің бірінен 3 бөлмелі пәтер алып, апаны қуанышқа бөлеп отырмыз. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған пәтерде жанға жайдың бәрі бар. Күнделікті қолданысқа қажетті жабдықтарымен қоса алынды,-дейді.

ПІКІР ЖАЗУ