Созақ: қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир басталды

Бүгін Созақ аудандық № 2-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде Айтөре Байғараевтың 60 жылыдық мерейтойына орай қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир басталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің иегері, шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі сайыстардан жүлделі орындардан көрініп, ұзақ жылдар бойы ауданымыздың спорт саласына елеулі үлес қосқан Айтөре Беркінбекұлының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған спорттық шараны аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров ашып, жылы лебізін арнады. Аудан әкімінің құттықтау хаты мен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін табыс етіп, құрмет көрсетті.

Ауыл қариялары ақ батасын арнап, спорт ардагерлері Анарбай Шәдібеков, Жетілген Сармантаев Айтөре Беркінбекұлының спорт саласындағы жеткен жетістіктері мен ұйымдастырылған шараның маңыздылығына айрықша тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, бүгінгі облыстық турнирдің ұйымдастыруына ұйытқы болған Айтөре Беркінбекұлы спорттық шара ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету арқылы оның беделін асқақтату мақсатында ұйымдастырылғанын айтып өтті.

Ұлттық спортты ұлықтаған додада облысқа қарасты аудан, қалалардан келген 200-ден астам жас споршыларымыз 10 салмақ дәрежесі бойынша боз кілем үстінде сынға түсіп, кіл мықтының ішінен, кім мықтыны анықтайтын болады. Аталған додада салмақ дәрежелері бойынша жүлделі орын иегері атанған спортшылар арнайы сыйлықтармен марапатталады.

ПІКІР ЖАЗУ