Созақ: аудан орталығында ауқымды жобалар бастау алды

Биылғы жылы аудан орталығында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Заманауи үлгідегі 200 орындық спорт кешені мен «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұдан бөлек Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын толықтай ауыз сумен қамту мақсатындағы жұмыстар жалғасуда. Осылайша аудан орталығында қолға алынған ауқымды жобалар басталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек, Шолаққорған ауылынан Е. Өмірбеков және Төлендиев көшелерін қосатын көлденең көшеге, Ж.Қаламбаев пен Жамбыл көшесінің жалғасына, Жібек жолы көшесінің қосындысына, Нұрлы жол көшесіне асфальт төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Е.Өмірбеков, С.Абуов-1, С.Абуов-2, М.Әуезов-1, М.Әуезов-2 Қ.Рүстемов, А.Иманов және Әйтеке би көшелері жарықтандырылды. Ауылдық округке қарасты Жеткіншек, Абай және Балдысу, Қарабұлақ елді мекендерінің орталық көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Абай елді мекені тұрғындарын 24 сағат ауыз сумен қамту үшін А.Иманов атындағы жалпы орта мектебіне 25 метр және су құбыры мұнарасының қасынан тереңдігі 140 метр болатын ұңғыма құдық қазылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен С.Абуов көшесінің бойынан салынған кіші футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңы ел игіліне берілді. А.Спатаев көшесінің бойында салынып жатқан алаңша жақын күнде іске қосылады. Бұған қосымша, биылғы жылы «Инкай» БК» ЖШС демеушілігімен Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендеріне және Шолаққорған ауылының Ж.Ерімбетов көшесіне балалар ойын алаңын салу жоспарлануда. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауыл округінің тұрғындарымен өткізген есептік жиында мәлімдеді.

Сонымен қатар, бүгінде Шолаққорған ауылында газ, су құбыры желілері қазылып жатқандықтан жол жөндеу жұмыстары кейінге қалдырылғанын айтып, қазіргі таңда Шолаққорған ауылындағы асфальт жабындысын төсеуді қажет ететін көшелер тізімі мен картасы жасалып, жөндеуге ұсыныс әзірленіп жатқанын тілге тиек етті.

Жиында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, келелі жылға бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Аудан басшысы айтылған әрбір мәселені назарға алып, маңыздылығына тоқталып өтті. Есептік жиын соңында бірқатар тұрғындар жеке мәселесі бойынша жүгініп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын жан-жақты қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ