Созақ: аудан әкімінің кубогы үшін кіші футболдан ересектер арасында республикалық турнир өтті
Қыземшек кентінде аудан әкімінің жүлдесі үшін ересектер арасында кіші футболдан республикалық турнир өтті. Аталған жарысты аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов ашып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
– Жалпы Созақ ауданында спорттық алаңдар көптеп салынып, бұқаралық спортты дамытудың өзіндік ерекшеліктері қалыптасты. Биылғы жылдың өзінде заман талабына сай жабдықталған стадион мен кіші футболға арналған алаңшалар ел игілігіне ұсынылды. Бүгінгі сайыста спортты жанына серік еткен барша қатысушы командаларға сәттілік тілеймін. Алдағы уақытта осы командалар елдің намысын халықаралық аренада қорғауына тілектеспін, – деді.
Дәстүрлі түре өтіп отыратын жарысқа биылғы жылы облысымыздың аудан, қалалары мен көршілес Жамбыл облысынан келген 14 команда қатысты.
Тартысты өткен турнирде командалар өздерінің спортта мықты екендіктерін дәлелдеп, жарыстың алғашқы минуттарынан бастап өз шеберліктері мен әдемі ойын өрнегін көрсетті. Чемпион болған командалар мен үздік ойын көрсеткен спортшыларға аудан әкімінің кубогы мен сый-сияпаттары табысталды.
Жарыс қорытындысымен жүлделі ІІІ орынды Таукент кентінің командасы иеленсе, ІІ орынға «Қыземшек кентінің жастары» құрамасы табан тіреді. Ал, өзгелерден айла-тәсілін асырып, І орынды қанжығаларына байлаған Қыземшек кентінің командасы жарыстың жеңімпазы атанды.
Сондай-ақ, Жайсаңбай Жасұлан (Қыземшек кентінің командасы) – үздік қақпашы, Тұраров Сүндет (Достар командасы) – үздік қорғаушы, Нұрманов Шахайдар (Кентау қаласы) – үздік ойыншы, Өмірзақ Нұрбол (Қыземшек жастары командасы)-үздік сұрмерген, Мәдібеков Мықберген (Таукент кентінің командасы)-үздік шабуылшы номинацияларына ие болды.