Соғыс ардагері: Екі “катюшамен” жаудың 60 танкісін жойдық

 Биыл елімізде ерекше дата – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтеді. Жарқын болашақ үшін жан аямай шайқасқан ардагерлерге деген ұрпақтың құрметі бұл күні ғана емес, мәңгілікке түгесілмейтіні анық. Мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Жақан Сейсебаев сұрапыл соғыс туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақан ата Сейсебаев биыл мерейлі 100 жасқа толды. Ол 1925 жылы 10 наурызда Алматы облысы (қазіргі Жетісу облысының аумағы) Кербұлақ ауылына қарасты Сәмен ауылында дүниеге келген. Алматы облысы Көксу ауданындағы Алғабас колхозында 1939 жылы 7 жылдық мектепті бітіріген. Жастық шақтың қызығын көрместен 1942 жылы 20 қазанда 17 жасында соғысқа аттанған бозбала Кеңес әскерінің қатарына қабылданып, Мәскеу түбінде Молты станциясында оқытудан өтеді. Одан кейін 1943 жылдың 1 қаңтарында майдан шебіне аттанған. Белоруссияны азат ету шайқасына қатысып, құпия бөлімде нысанашы болған. Беларусь елін азат ету кезінде үш рет жарақат алады. Сұм соғыстың ауыртпашылығын көрсе де, майдан салған жара мен естеліктер ақсақалдың әлі есінде.

1942 жылы бізді әскерге алып кетті. Біз Мәскеу түбіндегі станцияға жіберілдік. Төрт ай бойы бізге әскери техниканы қалай қолдану керектігін үйретті. Түрлі артиллериялық қарулармен таныстық. Ал 1943 жылы бірінші қаңтарда беларусь майданына түстім. Біз кеңестік машина – реактивті БМ-13 артиллериясы “Катюшаны” қолдандық. Мен “өте жақсы” деген деңгейде меңгеріп алдым. Сонымен қоса 45 мм және 76 мм зеңбіректі меңгеріп алдым. Мен сол майданда болдым, ал 1943 жылы 12 наурыз күні түнде оң жақ шүйдем мен басымнан жараландым. Одан соң мені Мәскеуге госпитальға жатқызды. 1943 жылдың 5 мамырында госпитальдан жазылып, қайтадан соғысқа аттандым. Госпитальдан келген соң “За отвагу” медалін берді, – деп есіне алды ардагер.

Жақан Сейсебаев Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары 5-ші армияның 13-ші миномет полкіне қарасты 20-шы рота құрамында реактивті “Катюша” жүйесінің нысанашысы болған.

Битвск қаласындағы 22-ші жеке құпия катюша бригадасына “наводчик” болдым. 1943 жылдың 15 қыркүйек айында сол қолынан бомбаның ұшқынынан жараланып, “полевой госпитальда” емделіп, 8 желтоқсанда қайтадан соғысқа оралдым. Сол жылы желтоқсанда “Соғыстағы ерлігі үшін” медалімен құрметтелдім. 1944 жылдың 5 шілдесінде бомбылап жатқанда бомбының сынығы сол аяғына жараланып, госпитальда жатып, 20 қазанда жазылып шығып бұрынғы полкіне келіп, әрі қарай шайқасты жалғастырдым, – дейді Жақан ата.

1943 жылы жараланған соң Мәскеуде ем алып, одан кейін құпия бөлімшеде қызмет етеді. Ардагер үш рет жараланған.

Бір күні командир бізге: “Дайындалыңдар. Біз арқылы 60 жау танкісі өтеді. Төрт қару, жарықшақты гранатты дайындаңдар. Жақындатпаңдар” деп бұйрық берді. Арамыз бес шақырымдай болған кезде командир бәріне танктерді “Катюшамен” атқылаңдар деді. Танктер өртеніп кетіп, тек бір танк қана кері шегінді. 60 танкінің ішінен 1 танк қана аман қалды. Ол жерде бір сарбаз күтіп тұр екен, мен оған граната лақтырдым. Осылайша, жаудың бүкіл танкін қырып тастадық. Күндізгі 12-де 60 танктің көзін жойдық, – дейді Жақан ата.

Алайда Жақан ата үшін соғыс Ұлы Жеңіспен аяқталмады. Майданда ол 6 жыл 2 ай қызмет етті. Оның әскери биографиясында тек Германия ғана емес, Жапония мен Солтүстік Корея да бар.

Соғыс аяқталған соң ардагер жапон соғысына қатысқан. 1947 жылы қазан айында оны Владивостокқа жібереді. Ол жерде үш рет жарақат алған соң екінші топтың мүгедегі болып қалған. Көптен күткен Ұлы Жеңісті қарсы алған күнін ерекше ықыласпен еске алды.

Жеңісті мен Шығыс Пруссиядағы Кенигсбергте қарсы алдым. Таңғы сағат сегізде бізге “сапқа тұрыңдар” деп бұйрық берді. Соғыстың аяқталғанын сол жерде естідік. Одан соң 1948 жылы бізді үйге жіберді. 17 жасында соғысқа аттанған жас жігіт 23 жасында Отанына бір-ақ оралды. Жеңісті естігенде әрине, қуандық, бір-бірімізді құшақтадық, жыладық. Көп жыл бойы мен соғыстың сұмдығы: қаһарды, ыстықты, қарды, мұзды, қалтырау мен боранды ұмыта алмадым. Су жоқ кезде амалсыздан кір су ішетін едік, – деп ағынан жарылды Жақан ата.

1945 жылдың августе Жапон соғысына қатысқан.

Ал қазанда корея мен америкалықтардың соғысына қатысып, 1947 жылдың 16 қыркүйегінде Владивостокта болдым. 1948 жылдың 17 сәуірінде Қазақстанға келдім. Соғыстан келген соң салық жинаушы болып жұмысқа орналастым. Одан кейін 1969 жылы Алматы қаласындағы политехникалық техникумның бухгалтерлік есеп факультетін бітіріп, Көксу ауданының Алғабас ауылында бухгалтер болып 1 жылдай, содан соң 25 жыл мал шаруашылығында ферма меңгерушісі болып қызмет істедім. Үш жылдай ревизор болып, 1985 жылы зейнеткерлікке шықтым, – дейді ата.

1949 жылдың 1 қаңтарында өмірлік жары Рысқа үйленеді. Қар жастанып, мұз төсенген майдангер ақсақал бүгінде өсіп-өнген мәуелі бәйтерекке, үлкен әулетке айналған. Төрт баласынан отыздан астам немере, шөбере, шөпшек сүйіп отыр.

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Жақан ата Сейсебаев барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, батасын берді.

Мен баршаңа мұндай соғыс енді ешқашан болмасын деген тілегімді білдіргім келеді. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш, бейбітшілік болсын. Ұрпақтарымыздың ұйқысы тыныш болсын, – деді Жақан Сейсебаев.

ПІКІР ЖАЗУ