СҚО-да ауыл әкімі қой бағып жүр
Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылдық округінің әкімі бүгін қой кезегіне шыққан.
Осыдан тоғыз ай бұрын әкім болып сайланған Болат Бейсенбаев үйін паналауға берген туысының малын бағуға мәжбүр, деп хабарлайды Экспресс К “Халық үні” сайтына сілтеме жасап.
Бұлақ ауылына қаладан көшіп келген жаңа әкімге мемлекеттен үй берілмеген. Өйткені олар “Дипломмен — ауылға” бағдарламасына ілікпейді. Сондықтан өзі үйін паналап отырған туысының малын қарау — бір міндеті.
“Халықтан асып қайда барамыз? Халықпен біргеміз, олардан еш жерім артық емес. Бұл қойлар менікі де емес, мен тұрып жатқан үй иесінікі. Бір туысым Көкшетау қаласына көшіп кеткен. Соның малы менің мойнымда. Кезекпен бағамыз”,
Ол аталған ауылдық округке былтыр тамыз айында әкім болып сайланыпты. Саяси науқанға Қазақстан халық партиясы атынан қатысқан. Содан бері екінші рет қой бағуға шығып отыр екен. Жұмысына кедергі болса да қойдың кезегінен бас тартарлық мұршасы жоқ.
Кедергісі бар. Бірақ енді не істейсің? Көп болса, бір күнімді алып тастар. Бастысы, аудан басшылығына осындай жағдай барын ескертіп айттым. Кейбіреулер мені қой бағуға кісі жалдауға шақырады. Оларға “мені олай жемқорлыққа итермелемеңдер” деймін,
Ауыл тұрғындары жаңа әкімге құрметпен қарайды. Таяуда оның басына іс түскенде тұрғындар араша түскен. Жергілікті жұрт Наурыз мейрамы кезінде соққыға жығылған азаматқа әкімнің ешқандай қатысы жоқтығын бір ауыздан айтып, қолдап шыққан еді.
Айта кетейік, Болат Бейсенбаев басқарып отырған Бұлақ ауылдық округіне Ақтас, Қарағай деген елді мекендер қарайды.