Шырша мен отшашу: Өңірлер жаңа жылға қанша қаражат жұмсайды?

 Тәуелсіздік күнінен кейін елімізде жаңа жылға дайындық жұмыстары қызу басталады. Түрлі мерекелік іс-шаралар, қызыл-жасылды отшашулар ұйымдастырылып, әдемі шыршалар қаланың басты орталықтарына қойыла бастайды. Өңірлер 2024 жылы осы мерекені атап өтуға қанша қаражат жұмсамақ. Шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласы

Еліміздің бас қаласы Астанада жаңажылдық безендіруге 700 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Қысқы инфрақұрылымды құруға және қаланы безендіруге қаражат аудандық әкімдіктер арасында былай бөлінген екен.

Нұра ауданы – 79 миллион теңге, Сарыарқа ауданы – 110 миллион теңге, Алматы және Сарайшық аудандары – 165 миллион теңге, Байқоңыр ауданы – 158,8 миллион теңге, Есіл ауданы – 183,9 миллион теңге. Безендіру жұмыстары желтоқсанның екінші онкүндігінде аяқталады Жалпы, ресімдеуге шамамен 696,7 миллион теңге жұмсалады. Бұл қаражат мұз айдындарын, слайдтарды, шағын архитектуралық мүсіншелерді, фотоаймақтарды және басқа элементтерді орнату бойынша жұмсалады. Қазір елорданың біршама көшелеріне әдемі жарық шамдар орнатылып, монтаждау жұмыстары басталған. Бұл жұмыстар желтоқсанның екінші онкүндігінде аяқталады.

Шымкент қаласы

Шымкент қаласы жалпы жаңа жылдық безендіруге қала бойынша 80 млн теңге бөлген. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі брифинг барысында өзі айтты. Бес ауданың әрқайсысына 16 млн теңгеден түседі. Біз бұл шешімді қабылдаған кезде былтырғы қолданған жасанды шыршаларды қайта қолданамыз дедік. Былтырғы заттарды қолданамыз. Екіншіден тағы да қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз, – дейді Ғабит Сыздықбаев.

Түркістан облысы

Жаңа жылға мүлде ақша жұмсамайтын, Наурыз мерекесіне басымдық беретін Түркістан облысында қаражат қарастырылмаған. Бізде бірнеше жылдан бері жаңа жылдық шыршаға қаражат қаралмайды. Мерекелік шараларға қажет болса демеушілер тартылады. Сол шыршаны безендіріп, орталық алаңға қоямыз. Сатып алынбайды,- деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Батыс Қазақстан облысы

Бұл өңірде жаңа жылға 28 миллион теңге бөлінеді. Облыс бойынша 12 аудан мен 1 қаладағы безендіру жұмыстарына 28 миллион теңге бөлінген. Бізде мен бұл қызметке келгенге дейін сатып алынған шыршалар бар, соларды биыл да қолданамыз. Сәйкесінше, жыл сайын жаңа шырша сатып алып жүрмейміз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев. Бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов аймақтағы жедел жәрдем көліктерінің 82%-ы тозғанын еске салып, “отшашуға ақша бар, бірақ көлікті жаңартуға қаржы жоқ” деп сынаған болатын. Нариман Төреғалиев барлық шығын осы 28 миллионның ішінде екенін, мұны 12 аудан мен 1 қалаға бөлгенде түк болмай қалатынын айтады. Отшашуды да осы 28 миллион теңгеге сатып аламыз. Сонымен қатар, осал топтан шыққан балаларға табысталатын сыйлықтар алынады. Жыл сайын мұқтаж және ерекше балаларды қалаға шақырып, іс-шара өткіземіз. 12 аудан мен 1 қалаға бөлгенде бұл қаржы түк емес, – дейді өңір басшысы. Айта кетейік, былтыр Батыс Қазақстан облысында отшашуларға 32 миллион теңге қаралған еді.

Ақтөбе қаласы

Ақтөбе қаласында Жаңа жыл мерекесіне орай безендіру жұмысы Тәуелсіздік күнінен кейін ғана басталады. Орталық Ақтөбе қаласында соңғы жылдары Жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбей келеді. Биыл да бұрған дейінгі шыршалар мен әшекейлерді пайдаланады. Қаланы безендіру 16 желтоқсаннан кейін басталады. Бұдан бөлек қаланың кәсіпкерлері өз есебінен ғимараттары орналасқан аумақтарын Жаңа жылға орай безендіреді.

Атырау қаласы

Биыл қаланы безендіру үшін 67 млн тг жуық қаржы жұмсалады. Бұл ақшаға Исатай-Махамбет алаңында, Балықшы, Вокзал маңы ықшам ауданында, әуежай мен вокзал алдына қойылатын ұзындығы 18 метрлік шыршалар сатып алынып, орнатылады екен. Жаңа жыл қарсаңында қаланың көркін келтіру үшін бөлінетін қаражат көлемінің соңғы 5 жылда бір азайып, бір көбейгенін аңғаруға болады. Мысалы, 2019 жылы 43,7 млн бөлінсе, 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты ақша мүлде қарастырылмаған. Ал 2022 жылы қазынадан 31,3 миллион, былтыр 19 млн теңге алынған.

Павлодарға қаласы

Жаңа жылда Павлодар қаласы 52 миллион, Екібастұзға 38 миллион теңге жұмсамақ. Екібастұз қаласында жаңа жылдық безендіруге 38 миллион бөлінсе, Павлодарда 52 миллион теңге бөлінді. Мұз қалашығына және көшелерді жарықтандыруға, безендіруге жылда осынша қаражат кетеді. Облысымыз солтүстікте орналасқасын, жаз уақыты өте қысқа. Халықтың көңілін көтеру үшін, жақсы, жайлы жерлерді ұйымдастыру үшін мүмкіндік шектеулі. Сондықтан безендіруге де, абаттандыруға да қаражат бөліп жүрміз, – деді Павлодар облсының әкімі Асайын Байханов. Айта кетейік, былтыр осы өңірде 53 милллион теңгеге салынған мұзды қалашық еріп кеткен еді.

Қостанай облысы

Өңір биыл жаңа жылдық безендіруге 87 миллион теңге бөледі. Бұл қаражатқа мұз қалашығын салу, кіші сәулет формаларын орнату және оларды 2025 жылы жөндеу кіреді. Жұмыс 1 желтоқсанда басталып, 25 желтоқсанда аяқталады.

 

ПІКІР ЖАЗУ