Шымкенттің өнеркәсіп аймақтар құру тәжірибесі барлық өңірде қолданылады
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шымкентке арнайы келіп, қала әкімін тағайындау мақсатында мәслихат депутаттарының жиналысына қатысқан болатын. Жиын барысында мегаполистің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековке маңызды тапсырмалар жүктеп, қаланың кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктеріне арнайы тоқталды.
Шымкенттің қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы бар қала болуға тиіс екенін ескерткен Үкімет басшысы ол үшін инвесторларға тиісті жағдай жасалып, мегаполистің дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық берілетінін айтты.
«Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі