Шымкенттіктер Дінмұхамед Қонаевты еске алды

Бүгін, 22 тамыз мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың дүниеден озған күні. 30 жыл өтсе де, ұлы тұлғаны шымкенттіктер ұмытқан жоқ. Бүгін зиялы қауым өкілдері Д.Қонаев пен Тәуке хан даңғылы қиылысында бой көтерген ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар Дінмұхамед Ахметұлының еңбегі еленіп, өмірлік жолы жастарға кеңінен насихатталды.

Аға буын өкілдерінің Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші алдында жиналуына негіз болған бір ғана себеп. Айтулы дата. Осыдан 30 жыл бұрын халқымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы дүниеден озды.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы: «Жыл сайын Дінмұхамед Қонаевтың туған, қайтыс болған күнінде осы құрамда жиналамыз. Қатарымыз жаңармайды, сиреп барады. Арамызда Бәйділлә, Мархабат Байғұт, Өмірзақ Мелдеханов, Исмет ағамыз жоқ. Біз бұл  ұлы тұлғаның өмірлік жолын әсіресе жастарға көп насихаттауымыз керек. Олар Қонаевтың қандай тұлға болғанын білуі керек. Википедияға кірсең тым түсініксіз жазылған. Жастар атқару органын, партияны  басқарды дегенді түсінбейді. Қазақстанның көшбасшысы, президенті болған деп жазу керек».

Ұлы тұлғадан тәрбие алған шәкірттері мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды 25 жыл басқарғанын мақтаныш тұтады. Өйткені, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы жылдар ішінде республиканың өндірістік әлеуеті 700 пайыздан астам , өнеркәсіп көлемі 9 есе, ауыл шаруашылығы 6 есе, күрделі құрылыс 8 есе өскен.

Әбілқасым Досболов, Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі: «Ағамыз Шымкентке жұмыс сапарымен келгенде, амандассақ қолымызды бірнеше күн жумай  жүретін едік. Ол кісінің қарапайымдылығы адамға деген қамқорлығы аңызға айналған. Жатқан жері, топырағы торқа болсын. Ұлы тұлға  елі үшін қызмет етті. Қазақстанымыздың көк байрағы биікте желбіресін, халқымыз аман болсын».

Шағын жиында сөз сөйлегендер ұлы тұлғаның Қазақстанның дамуына қосқан үлесі мол екенін айтты. Сонымен қатар Дінмұхамед Ахметұлының өмірлік жолын, қарапайымдылығын, зиялылығын кеңінен насихаттау керек деген пікір білдірді.

Ануар Шомышбаев, кәсіпкер: «Д. Қонаев атамыздың жасаған тірлігі ол кісі мықты еді. Менің әкем ол кісіні қатты жақсы көретін, құрметтейтін. Сол кісінің құрметіне мен тұңғышымды Дінмұхамед деп атадым. Ол кісінің еңбегі орасан».

Дінмұхамед Қонаев 1993 жылы 22 тамызда Алматы облысы Ақши ауылында жүрек талмасынан қайтыс болды. Кеңсай зиратында жерленген. 2019 жылы оның немерелері kunayev.kz ресми сайтын ашты, онда Дінмұхамед Қонаевтың өмірбаяны, құжаттары, баяндамалары мен мұрағаттық суреттері орналастырылған. 1992 жылдан бастап Алматыда «Халықаралық Қонаев қоры» жұмыс істейді. Шымкентте де Дінмұхамед Ахметұлы Қонавтың мұражайы бар.

ПІКІР ЖАЗУ