Шымкенттік жүргізуші жарты жылда 178 рет жол ережесін бұзған

Шымкентте жүргізуші жарты жылдың ішінде жол ережесін 178 рет бұзған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр Шымкент қаласы бойынша 1000-нан астам камера орнатылды. Бір жылдың ішінде жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерінің 70 пайызын осы камералар тіркеді. Шымкенттік жүргізушілерге салынған айыппұлдар мөлшері 2,2 млрд теңге болды. Мысалы, жарты жылдың ішінде 178 рет жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізуші анықталды. Оның айыппұлдарының жалпы сомасы 4,5 млн теңге болған», – деді Атығай Арыстанов. Ол аталған өңірдің жүргізушілерін жолдарда абайболуға шақырды. Комитет төрағасының айтуынша, цифрлық технологиялардың көмегімен жол ереесінің сақталуына үлес қосып жүрген қарапайым азаматтардың қатары артып келеді.

«Мысалы, «102» мобильдік қосымшасын іске қостық. Бұл қосымша арқылы азаматтар аудио- немесе бейне қоңырау шалу арқылы ішкі істер органдарына жүгіне алады, уәкілетті органға әкімшілік құқық бұзу фактілерін дәлелдейтін фотолар мен бейнематериалдар жолдауға болады», – деді ІІМ өкілі. Осы шарада Атығай Арыстанов жыл басынан бері 2600 жол-көлік оқиғасы болып, 410 адам көз жұмғанын мәлім етті.

 

ПІКІР ЖАЗУ