Шымкенттік тұрғын бауырына бүйрегін берді
Шымкентте кезекті трансплантация отасы сәтті өтті. Бұл жолы дәрігерлер 1986 жылғы науқасқа туған бауырының бүйрегін хирругиялық жолмен салып берді. Ағзасын алмастырған науқастың жағдайы қазір жақсы. Дәрігерлер әпкесіне бүйрегін берген донорды бүгін ауруханадан үйіне шығарды.
Бауырына бүйрегін берді. Шымкентте кезекті туыстық трансплантация сәтті өтті. Операциядан кейін науқастың хал жағдайын білу үшін қаланың бас дәрігері арнайы өзі ауруханаға келіп, пациентпен тілдесті.
Ағзасын алмастырған науқас 1986 жылғы қала тұрғыны, алты жылдан бері бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен есепте тұрған. Бүйрегінде ақауы бар науқасқа дәрігерлер туған бауырының бүйрегін хирургиялық жолмен салып берді. Отадан кейін пациент гемодиализге тәуелді болмай, қалыпты өмірге қайта келген.
Қала тұрғыны: «Биылғы жылы 25 тамыз күні маған ота жасалды. Өте қуаныштымын. Донор өзімнің сіңлім болды. Енді өзімде жақын арада ауруханадан шығамын. Аппаратсыз өмір сүрген керемет».
Кезекті ағзаны алмастыру отасы №1 қалалық клиникалық аурухана базасында өтті. Күрделі операцияны аурухананың хирург дәрігері Рахымжан Жолдасбеков сәтті жасап шықты. Мамандардың сөзінше, бұл, бүйректі алмастыруға арналған 205-ші ота.
Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «2013 жылдан бері ауруханада Мади Хожаұлының бастап кеткен жолмен мұнда ота жасалып келеді. Кореядан, Беларусиядан мамандар келіп, осында шеберлік сабағын өткізді. Бұл жерде көбісі бүйрек алмастыру отасы. Бауырға жасалған ота да бар».
Туған бауырына бүйрегін беріп, екінші өмір сыйлаған донорды дәрігерлер бүгін үйіне шығарды. Ал екінші ағзасын алмастырған науқас әлі бір аптаға жуық ауруханада дәрігерлердің бақылауында болмақ. 2013 жылдан бері мұнда 205 бүйрек және 32 бауыр алмастыру операциясы жасалған. Білікті дәрігерлер командасы қажеттілік болса, мәйіт трансплантациясын жасауға да дайынбыз дейді.