Шымкенттік көркемсурет галереясы шетелдік туристер тарапынан ерекше қызығушылыққа ие

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен өткен баспасөз турда БАҚ өкілдері «Алтын Орда» көркемсурет галереясын және Бейісбековтер әулетінің туындыларын тамашалады.

Біріккен Ұлттар ұйымы 2021 жылды – Халықаралық креативті экономика жылы деп жариялады. Креативті экономика дегеніміз – адам қиялынан шығарылған өнімді сату, одан пайда табу деген сөз. Яғни творчестволық өнімнен пайда табу. Ал, туризм барлық шығармашылық саламен тығыз байланысты. Атап айтқанда: сәулет, өнер, қолөнер, дизайн, сән, кино, IT салалары.

Дәл осы шығармашылық салада табысты жұмыс істеп келе жатқан – «Алтын Орда» көркемсурет галереясы. Бұл орталық – Шымкентке келуші отандық және шетелдік туристер тарапынан ерекше қызығушылыққа ие. Қазақ халқының қолөнері сонау ықылым заманнан бері, күнделікті жаңғырып, түрленіп жатқан өте бай қазына. Сол құндылықтың тамырын кең жайып, маңызын жоғалтпай дәріптеп келе жатқан жанұяның бірі – Бейісбековтер әулеті.

Қолданбалы өнердің бірнеше түрін меңгерген Болат Бейісбеков бұл салада 30 жылдан аса еңбек етуде. Бүгінде шебер сүйген ісін кәсібіне айналдырып, жеке отандық брэнд қалыптастырып отыр. Ата кәсібтің негізін қалаған Болат Бейісбековтің жұбайы мен балалары да дәл осы сала иелері. Бір отбасындағы 7 жан киізден түрлі жасау жасап, түскиіз тоқып сонымен қатар ер-тұрман соғады.

Қиялы ұшқыр шебер отбасының туындылары қазақы салт- дәстүрді ұштастыра отырып жаңғыртуымен ерекшеленеді. Шеберлер отбасының ұлттық бұйымдар мен көздің жауын алар кәдесыйлары үнемі сұранысқа ие.

Ғасырлар бойы атадан балаға мұра боп қалған қолданбалы өнерді насихаттаушы жандар журналистер қауымына көне бұйымдардың жасалу тәсілін үйретіп, шеберлік сағатын өткізді.

ПІКІР ЖАЗУ