Шымкенттік 4 ұстаз «Үздік педагог» атанды

Шымкенттік 4 ұстаз «Үздік педагог» атанды. Талай жыл талмай еңбек еткен мұғалімге 3 жарым млн теңгеге жуық ақшалай сыйлық табысталды. Ал жеңімпаз атана алмаған республикалық конкурс қатысуылары да сыйлықсыз қалмады.

Шымкенттік 4 ұстаз «Үздік педагог» атанды. Соның бірі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Майра Ғалиева. 29 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз конкурс қорытындысымен 143 балл жинап, ең жоғары нәтиже көрсеткен. Ал былтыр 18 шәкірті түрлі байқаудан топ жарып, Майра Ғалиеваның мерейін үстем етіпті. Тынымсыз еңбектің арқасында осындай міртебеге ие болдым дейді ұстаз.

«3 жылдық жетістіктеріңді НОБД-ға тіркейсің. Өзің өтініш жазасың. Мектеп арқылы немесе білім бөлімі демей тікелей тапсыруға болады. Бұл ашықтық. Мысалы мен бұл жарысқа 3 жылдан бері дайындалып жүрмін. Нақты мақсатың болса, нық қадаммен жоспар құрсаң ешқандай қиындық жоқ. 150 баллдан 143 балл жинадым. Сонда да қорқып отырмын. Сонда да алмай қалам ба деп қорықтым. Жарқынай апай бұл керемет қой деді. Содан жігерленіп қалдым», — дейді «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы Майра Ғалиева.

Ал №47 мектептің мұғалімі Гүлмира Шералхан 117 баллмен үздік атанды. Халықаралық конфенециялар мен республикалық жарыстарда топ жарған ол конкурс жеңімпазы атанғанда төбем көкке жеткендей болды дейді. Сөзінше оны балаға дұрыс білім беруге деген ұмтылыс пен мамандығы алдындағы адалдығы жеңіске жетелеген.

«Бірінші бөлімде жетістіктер бағаланады. Менің оқушыларым ғылыми байқауларда жеңімпаз атанған. Сансызбай Еркежан деген оқушым Мағжан Жұмабаев оқулары мен Мұқағали Мақатаев оқуларының республикалық кезеңінде бас жүлдені алды. Халықаралық конференцияларға қатыстым. Ал екінші кезеңде ұтымды болған тұсым, мен сабақ өткенде арқаланып кететінім бар. Сол қасиетім сын сағатта алып шықты», — дейді «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы Гүлмира Шералхан.

Мектеп ұжымы Гүлмира Шералхан әрқашан ізденіспен жүретінін айтады. Сондықтан жарыс туралы ақпарат шыққанда жауаптылар бірден оған ұсыныс айтқан көрінеді.

«Ережесі келгенде осы Шералхан Гүлмираны ұсындым. Сіз лайықтысыз дедім. Біздің мектеп гуманитарлық гимназия болғандықтан, тереңдетіп оқытамыз. Гүлмира апай қазақ тілінен береді. Оқушылары республикалық деңгейде жеңімпаз болған. Жақында ғана Ы. Алтынсарын атындағы төсбелгіге ие болды. Апайымыз мектебіміздің ғана емес Шымкенттің абыройын қорғап, «Үздік педагог-2024» байқауының жеңімпазы атанып келді», — дейді №47 мектеп директорының бейін ісі жөніндегі орынбасары Салима Бахирова.

Конкурсқа Шымкенттен 120-дан аса ұстаз өтініш тастаған. Соның 7-еуі жақсы нәтижемен республикалық кезеңде өз бағын сынады. Онда «Үздік педагог» атанған 4 жанға 1000 АЕК көлемінде сыйақы берілді. Ал қалған 3 мұғалімге қалалық білім басқармасы 1 млн. теңгеден аса ақшалай сый беріпті.

«10 үздікті дайындауымыз керек. Соның ішінде жеңіп шыққан 7 үздігіміз республикаға дайындалды. 80 баллдан жоғары алған 7 ұстазға Астана қаласына жолдама бердік. Оқу-ағарту министрінің қолынан сертификаты мен медалын алып, 3 450 000 теңге сыйлық алып келді. Ал 3 ұстаз марапат ала алмаса да өңірдің атынан 1 035 000 теңге береміз», — дейді Шымкент қаласы әдістемелік орталығы директорының м.а. Бикен Омарова.

Айта кетейік, былтыр дәл осы марапатқа 3 ұстаз ие болған. Сонымен қатар, жақында ғана 200-ден аса шымкенттік педагогқа Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісі табысталған еді.

ПІКІР ЖАЗУ