Шымкенттегі жаңбыр жауғызатын аппарат Алматы мен Жетісу облысына әсер ете алмайды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Шымкентке орнатылған жаңбыр жауғызатын аппараттың Алматы мен Жетісу облыстарындағы нөсерге қатысы жоқ. Бұл туралы халықаралық климатология маманы Алтай Айнабек мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттегі индустриалды аймаққа қойылған жаңбыр жауғызатын аппарат 31 шілде күні іске қосылған болатын.

Содан бері өңірде аспанды бұлт торлап, тіпті кей аймақтарға жаңбыр жауып та өтті.

«Бұл – біздің жаңа технологияның ауа температурасына әсер еткендігі», – дейді «International Center of Climate Change Technologies» орталығының басшысы Алтай Айнабек.

Сала маманының айтуынша, құрылғы – атмосфераның төменгі қабатына теріс зарядталған иондар жіберу арқылы антициклонды бұзып, циклондық процестерге әсер етеді.

Салдарынан қажетті аймақта атмосферадағы жоғары қысым төмендеп, ылғал тартыла бастайды. Нәтижесінде жауын жауады.

«Қазіргі таңда құрғақшылық, су тапшылығы бүкіл әлемде басты мәселе болып тұр. Біз жаңа технология арқылы құрғақшылықты болдырмау, адамзаттың залалынан тартылып кеткен Арал сияқты теңіздерді қайта қалыпқа келтірудің әдісін қарастырып жатырмыз. Әзірге өз қаражатымыздың есебінен Шымкент қаласына «Clear Sky Manager New Generation» технологиясын орнаттық. Нәтижесінде оңтүстік өңірінде тамыз айында қатты жауын жауды. Бұның барлығы біздің технологиямыздың тиімді екенін тағы дәлелдеді», – деді ол.

Дегенмен, климатология маманы Алматы мен Жетісу облыстарындағы нөсер Шымкентке қойылған жаңбыр жауғызатын аппараттың әсері емес екендігіне сенімді.

Себебі, жаңа қондырғы кішкентай болғандықтан әсер ету аумағы да тар болады. Сондықтан тек шекаралық облыстардың ғана климаты өзгеруі мүмкін.

«Жалпы бұл технологияны Қытай елі көп қолданады. Сондықтан Алматы Қытайға жақын болғандықтан сондағы аппараттар әсер етуі мүмкін. Себебі жақын арада Қытайда да қатты нөсер болды» – дейді ол.

ПІКІР ЖАЗУ