Шымкентте зейнеткер немересін құтқару үшін алаяқтарға 11 мың АҚШ долларын берген
Әл-Фараби АПБ-на қарт кісі алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, оған бейтаныс нөмірден біреу қоңырау шалып, немересі апатқа ұшырағанын және шұғыл түрде қымбат ота қажет екенін хабарлаған.
Өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған ер адам, қыздың оқиғаға кінәлі екенін, бірақ белгілі бір сомаға жазадан құтылуға болатынын айтқан. Шошынған зейнеткер сүйікті немересіне көмектесу үшін, қоңырау шалушының барлық шарттарына келіскен. Олар ақшаны алу үшін такси жіберіп, қала тұрғыны сол арқылы 11 мың доллар салынған сөмкені берген.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жедел іздестіру жұмыстары барысында қылмысқа қатысы бар 26 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Оның курьер міндетін атқарғаны анықталды. Яғни, ол көрсетілген мекенжайлардан қолма-қол ақша алып, «басшыларының» есепшотына аударып отырған. Жұмыс ақысы үшін жалпы соманың 10% иеленген.
Ер адамның тағы да осындай алаяқтыққа қатысы бар екені белгілі болды. Қаскөйлердің кезекті құрбаны Түркістан облысының тұрғыны болып шықты, ол сіңілісіне ота жасау үшін және оны жауапқа тартпау мақсатында жалған полиция қызметкерлеріне 1 млн теңге төлеген.
Қазіргі таңда, қылмысқа қатысы бар басқа да күдіктілердің жеке басын анықтау жұмыстары жүргізілуде.