Шымкентте ұлы абай мұрасы ұлықталды
Ұлы данышпан, кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 178 жыл толды. Осыған орай
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті. Қоғам белсенділері мен қала тұрғындары алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Абай күніне орай ойшыл ақын, саяси қайраткер және еліміздің тарихында өшпес із қалдырған Абай атамыздың өлеңдерін жас ұрпақ жарыса айтып, әндерін жырға қосты.
Жиналған қауым ақынның шығармаларынан жарыса үзінділер оқыды. Қонақтар сондай ақ, «Абай – адамзаттың мәңгілік рухы» атты Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.
Мерекеге орай, жас оқырмандар арасындағы «Абай әлемі» атты байқау қорытындыланды. Ал, қалалық жасөспірімдер кітапханасы кішкентай оқырмандарға арнайы Абай танымын терең толғау мақсатында сырлы саяхат ұйымдастырды.
Атап өтейік, Ұлы Абай күні мерекесі кешке дейін жалғасады. Бүгін кешкі сағат 19.00 – 19.30 Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-музыкалық толғауын тамашалауға шақырамыз.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі