Шымкентте мас ер адам үйіне келген учаскелік полицейді пышақтаған
Шымкентте ішімдік ішіп алған үй иесі учаскелік полицейге пышақпен шабуыл жасады. Оқиға кеше, 6 қыркүйек күні кешкі уақытта болған.
Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы отбасылық жанжал туралы шақырту түскен мекен-жайға барған. Жергілікті тұрғынның айтуынша, күйеуі ұрып-соққан. Учаскелік полицей қолында пышағы бар үй иесін көрген. Тәртіп сақшысы пышақты тастауды талап еткенде, мас ер адам оған шабуыл жасап, мойны мен қолын жарақаттаған.
Полиция қызметкері әріптесінің көмегімен үй иесінің қолынан пышақты алып қойған.
«Аталған жайтты тергеушілер Қылмыстық кодекстің 380-бабы 3-бөлігі “Билік өкілінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану” бойынша тіркеді» делінген полиция мәліметінде.
Белгілі болғандай, күдікті 2015 жылы осы баптың бірінші бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Сонымен қатар бұрын әйелінің денсаулығына зиян келтіргені үшін әкімшілік қамауға алынып, полицияның есебінде тұрған.
Ер адам қазір қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.