Шымкентте көшеге құрылыс қалдықтарын тастаған тұрғындарға айыппұл салынатыны ескертілді

Әл-Фараби ауданы қызметкерлері тәртіп сақшыларымен бірлесе көшелердің тазалығына кезекті рейд жұмыстарын жүргізді.

Тексеру барысында құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды бейберекет көшеге тастаған Наурыз мөлтек ауданында және Рысқұлов көшесінде 2 жеке тұлғаға айыппұл салынды. Арғынбеков, Байтұрсынов және Жандосов көшелерінде 3 нысанға ескерту хаттамалары толтырылды.

Аталған заңбұзушылық екінші рет қайталанған жағдайда айыппұл салынады. Сондай-ақ есігінің алдына қоқыс төккен 10-нан аса жеке үй иелеріне ауызша ескерту берілді.

Мұндай рейд жұмыстары Әл-Фараби ауданында апта сайын жүргізіліп отыр.

Сондай-ақ, Қаратау ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары жергілікті азаматтың «Қайтпас-1» шағынауданындағы көше бойына құрылыс қалдықтарын тастағанын анықтаған.
Абаттандыру қағидаларын бұзған тұрғынға ҚР ӘҚБтҚ-нің 505-бабына (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына тазалықты сақтауға шақырады, сондай-ақ абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

ПІКІР ЖАЗУ