Шымкентте биыл 273 жасқа жеңілдетілген несие беру жоспарланған
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада өткен жылдан бастап кәсіп бастауға бет бұрған, бизнесін өркендеткісі келген жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріле бастады. Бағдарламаға қатысу үшін 2023 жылы 500-ге жуық жастан өтінім түсіп, оның ішінде 263 үміткер шағын несиеге қол жеткізді. Микрокредит алып, кәсіп бастаған жастардың дені қызмет көрсету, сауда және жеңіл өнеркәсіп салаларымен қатар, малшаруашылығын қамтыды.
Биыл жастардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 273 қатысушыға несие беру жоспарланып отыр. Жас буынның бизнес жобасын арнайы құрылған комиссия өкілдері саралайды. Бұл ретте бизнес жобалардың өзектілігі, экономикалық негіздемесі, қоғамдық маңыздылығы, іс-қимыл жоспары бағаланады.
Кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Бұл орайда қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на өтінім білдіргендегі жасы ескеріледі. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, бұл микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Жастарға микрокредит беру бойынша толығырақ ақпарат және жиі қойылатын сұрақтармен «https://www.agrocredit.kz» сайтында танысуға болады. Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет.