Шымкентте А. С. Пушкин атындағы кітапхананың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
Бүгін Шымкент қаласында А. С. Пушкин атындағы кітапхананың 125 жылдығына орай «Кітапхана: Іздену. Жаңалық. Болашақ» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шымкент қаласының әкімдігі мен мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған бұл шараға ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы, сонымен қатар, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген кітапхана саласының өкілдері, зиялы қауым, ақын-жазушылар, облыстық, қалалық, аудандық көпшілік кітапхана қызметкерлері мен кітапхана ардагерлері қатысты. Конференцияға келген қонақтар мен шетел делегаттарына кітапхананың көрме экспозициялары таныстырылды.
Салтанатты кеште Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов сөз алып, кітапханашыларды мерейтоймен құттықтап, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың атынан арнайы кітапхана қызметкерлеріне құттықтау хатын табыс етті. Шара барысында кеш қонақтарына кітапхананың тарихы мен жетістіктері, өткені мен бүгіні туралы деректі фильм көрсетілді.
Сонымен қатар, конференция барысында Ресей Федерациясының Алматыдағы консулы Сорокина Наталия Геннадьевна, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанова, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілетті өкілі Момбек Әбдіәкімұлы құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана қызметкерлеріне алғыс хат ұсынып, кітапхана директоры Наталья Сергеевна Романоваға арнайы марапаттарын табыстады. Жиын соңында көпжылдық тарихы бар А.С. Пушкин атындағы кітапхананың тарихын сөйлеткен «Тарихпен үндескен кітапхана» кітабының тұсауы кесілді.