Шымкентте 5 құрылыс мекемесі лицензиясынан айырылды
Телеарна мәліметінше, Шымкенттің солтүстік-шығыс бөлігі алып құрылыс алаңына айналған. Қазіргі таңда шаһар халқын баспанамен қамту мақсатында мыңдаған шаршы метр пәтер құрылысы жүріп жатыр. Тұрғындардың жайлылығы үшін саябақтар салынып, жаңа демалыс орындары ашылуда. Мәселен биыл 92 көпқабатты тұрғын үй салынып, ел игілігіне берілуге тиіс. Санатында арендалық және кредиттік баспаналар бар. “2024 жылы құрылыс басқармасы тарабынан 379,2 мың шаршы метрді құрайтын 4 830 пәтерлі 92 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 92 тұрғын үйден 161,9 мың шаршы метр құрайтын 2094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға тапсырылды”, – дейді Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.
Басқарма басшысы өткен жылы 10 382 пәтерден 556 кемшілік анықталғанын айтты. Барлығы жойылған. Ал 5 құрылыс мекемесіне айыппұл салынып, лицензиясы алынған. “Осы 1 жыл 10 айдың қорытындысы бойынша 176 млн теңгеге айыппұл салынған. Соның ішінде 5 мекемеге айыппұл да салдық, лицензиясынан да айырдық”, – деді ол. 2021 жылдан бастап 233 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 67 үй апатты деп танылып отыр. “Нәтижесінде: сейсмонығайтуды қажет ететін 68 үй, апатты 67 үй; тұрақты жағдайда 98 үй анықталған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, сейсмонығайтуды қажет ететін тұрғын үйлерге техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытынды алу үшін ҚазҒСҚЗИ мамандарымен зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті қорытынды алынғаннан кейін сейсмонығайту жұмыстарын жүргізу үшін 2025 жылдың бюджетіне ұсыныс беріледі”, – дейді Олжас Тәжібаев. Бұдан бөлек шаһар жастарына және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 1454 пәтер сатып алуға бюджеттен 29,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа осал топтағылар үшін 1000 пәтер, жұмыс істейтін жастарға арнап 454 пәтер сатып алынды.