Шымкент: жолдардың сапасы – басты назарда

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалында «Ашық есік күні» өтіп, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Жол саласындағы бірқатар мәселелер талқыға түсті.

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев, партияның бақылау комиссиясының мүшелері мекеменің тыныс-тіршілігмен танысты.

Мекеме басшысы Мұхтар Дүйсембеков атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысын баяндады. Мекеменің құрылғанына биыл 5 жыл толады. Мұндағы зертхана республика деңгейінде алдыңғы қатардағы зертханалардың бірі.

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ж.Бектаева жол құрылысы саласында бақылауды күшейту, басқармалармен тығыз байланыста жұмыс істеу қажеттігін айтты.

– Жолдардың сапасына қатысты шағым көп айтылады. Ендігі ретте жол құрылыстарын стандартқа сәйкестендіріп, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, жалпы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет. Зертхананың, құрал-жабдықтардың әлеуетімен таныстық. Енді осы жұмыстардың нәтижесінде қалада сапалы жолдардың үлесі артуы тиіс, – деді партия филиалының Атқарушы хатшысы.

Зертхананы, заманауи құрал-жабдықтарды аралап көрген партиялық бақылау комиссиясының мүшелері жол құрылысында диагностикалау, паспортизациялаудың маңызы зор екенін атап өтті. Жол саласында мамандар даярлау қажет екеніне назар аударды.

Айта кетсек, 2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағатттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетті. Қаланың автомобиль жолдары мен көшелерінің құрылысы кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасын тексеру барысында 233 нысанға іріктеме сараптама жасалған.

Орташа жөндеуде 171 нысанның негізі тексеріліп, 102 нысанда жол-құрылыс материалдарының сапасына бақылау жүргізілген.

ПІКІР ЖАЗУ