ШЫМКЕНТ: Жоғары санаттағы қоймалар құрылысы өндірісінің жобасы таныстырылды

Шымкентте қала әкімінің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобалар ұсынылған болатын.

Кезекті жиында «ЮжСтройСервис» ЖШС жоғары санатты қоймалар құрылысы жобасын таныстырды. А санатында қоймалар өндірісінің қуаттылығы – 10 мың шаршы метрге дейін.

Жоба құны – 1 100 млн теңге. Жер телімінің аумағы – 2,5 га. Инвесторлар жобаны 2022 жылы жүзеге асыруды жоспарлауда. Жоба бойынша 60 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

Штаб отырысында инвесторлар өндіріс үшін жер телімі қажет екенін мәлімдеді. Кәсіпкерлерге сауда-логистикалық орталық аумағынан жер телімі ұсынылды.

Шаһарда сауда-логистикалық, өндірістің түрлі бағыттары жан-жақты дамып келеді. Бұл ретте өндіріс үшін қажетті дайын қоймалар салудың маңызы зор.

Ал, «РЕТ» ЖШС-нің өкілі көмірқышқыл газын қайта өңдейтін зауыт жобасын ұсынды.

Жоба құны – 3,5 млн АҚШ долларын құрайды. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы.

Шымкент қаласында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру қажет екенін айтқан қала басшысы аталған жобаның іске асырылуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ