Шымкент: Жәрмеңке аясында 335 адам жұмыспен қамтылды
Елімізде қыркүйектің үшінші жексенбісі — «Еңбек күні» мерекесі. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы айтулы дата аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. «Адал еңбек – адам көркі» атты шарада 335 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Шымкенттегі жастардың 2,5 пайызы жұмыссыз. Солардың бірі — 19 жастағы Данияр Сапарбекұлы. Ол ұлттық ұланда әскери қызмет атқарғысы келеді. Арман-мақсаты жетелеген жас жігіт арбат алаңына жұмыс іздеп келді.
Данияр Сапарбекұлы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен 2023 жылы ұлттық ұланға 5573 әскери бөліміне әскерге бардым. Осы 2024 жылы Шымкентке қайта оралдым. Маған әскери қызмет ұнады. Қазіргі таңда мені жұмысқа алуға білімімнің жоқтығы кедергі болып тұр. Оқуымды бітіріп, диплом алып келсем ұлттық ұланға жұмысқа кіруге дайынмын»
Данияр әзірге ұлттық ұландықтардың қатарына қосыла алмаса да, бұл салаға әскерилер қажет. Мамандар әскери бөлімде қызмет етудің басты талаптарын атап өтті.
Бекжан Мәлік, 6506 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмыстар бөлімшесінің аға көмекшісі: «Бізге көбіне техникалық мамандықтарға мамандар қажет. Басты талап 11 сыныпты бітіру. Немесе орта білімі болуы керек. Сондай-ақ, әскерде болуы тиіс. Яғни мерзімді әскери қызметін өтеуі тиіс. Қазір 6698 әскери бөлімінде 30-дан астам, бізде 50-ден астам бос жұмыс орны бар»
Арбат алаңында өткен жәрмеңкеде 4 жарым мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде 2 764 орын тұрақты болса, қалғаны «Жастар практикасы» бағдарламасына арналған.
Бағдат Мақсұтұлы, Шымкент қаласы әкімдігі Еңбек мобильділігі орталығының директоры: «Жәрмеңкеге қала бойынша ірі кәсіпорындар мен жеке меншік мекемелер шақыртылды. 100-ге жуық мекеме қатысып отыр. Олар жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындарын тауып, жұмысқа орналасуға көмектеседі. Қазіргі таңда жәрмеңкеге 1500 астам азамат қатысып отыр»
Арнайы ұйымдастырылған шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, өндіріс орындары мен білім беру саласындағы еңбек озаттарын марапаттады. Айта кетсек, жәрмеңкеде 335 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.