Шымкент: жаңа сейсмологиялық станция ғимараты салынады
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Шымкент» сейсмологиялық станциясының жұмысын тексерді.
Станцияда сейсмикалық деректерді жинау, талдау, өңдеу, қашықтықты, жер сілкінісі ошақтарының классын, магнитудасын және бағытын анықтау жұмыстары жүргізіледі. Мұнда 3 жұмысшы қызмет атқарады. 1927 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бекеттің ғимараты бүгінде әбден тозығы жеткен.
Аталған станцияның жай-күйімен танысқан қала басшысы жауаптыларға жаңа ғимарат салуға тапсырма берді.
Аралау кезінде қала әкімі Сауда логистикалық орталықтағы көпфункционалды қойма кешенінің құрылыс жұмыстарын бақылады.
Жаңа көкөніс қойма кешені 6 гектар аумақта салынуда. Жеке инвестор есебінен қаржыландырылған инвестициялық жобаның жалпы құны – 10 239 млн теңге. Аталған жобаны биыл іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 107 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта жобаның 1-кезеңінің құрылыс-монтаж жұмыстары 80 пайыз орындалды. «НМИ-ЮГ» ЖШС компаниясы аталған қоймада «Cross» жүйесін пайдалануды көздеп отыр.
Құрылыс жұмыстарын бақылаған қала басшысы кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау жалғасатынын жеткізді.