Шымкент: ұлттық киім дизайнерлері коллекцияларын ұсынды

Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес Ұлыстың ұлы күнін он күн – 14-24 наурыз күндері аралығында атап өту ұсынылған болатын. Осыған сәйкес  18 наурыз   «Ұлттық киім күні» деп белгіленген. Шымкентте бүгін  «Көрме орталығында» сән көрсетілімі өтіп,  ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы ұйымдастырылды.

Көрсетілім барысында қаладағы танымал дизайнерлер мен оқу орындарының жоғары курс студенттері өз топтамаларын ұсынды. Іс-шара балалар мен жасөспірімдерге арналған киімдер, күнделікті киім үлгісі,  жұмыс киім үлгісі тақырыбында ұлттық киімдер жиынтығы топтастырылған үш бөлімнен тұрды.

–Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Көретілімге 10-нан аса дизайнер қатысып,  коллекцияларындағы  киімдерді  ұсынды, – деді Көрме орталығының  басшысы Зухра Қарабекова.

Сән көрсетілімінде дизайнер Нұрипа Сүйірқұлова «Jansulu prinses»  брендімен, Гүлмира Бакирова «Алиша» коллекциясымен, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің  студенттері Алтынай Құралбай мен Насыр Гүлназ  сынды болашақ дизайнерлер өз туындыларын ұсынды. 

Ұлттық нақыштар мен ғажайып өрнектер өзара үйлесім тапқан сән үлгілері  сахнада салтанат құрған бүгінгі мереке көрерменді ұмытылмас әсерге бөледі.

 

ПІКІР ЖАЗУ