Шымкент: триатлоннан қр чемпионаты басталды
Шымкентте триатлоннан ELITE, U23, U19, U17 спринт, U15, U13 супер-спринт қашықтығы бойынша ҚР Чемпионаты басталды. 30-31 наурыз аралығына жоспарланған жарыста жалпы 10 команда, 150 спортшы бақ сынайды. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қаласынан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облысынан спортшылар келген.
Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов жарыстың ашылу рәсімінде қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Триатлон елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Шымкент қаласында триатлон жарыстары ұдайы өткізіліп келеді. Мұнда спортшыларға барлық жағдай жасалған. Осы жарысқа қатысушылар арасынан алда жоғары жетістіктерге жететін дарынды жастар шығатынына сенім білдіреміз. Жарыста тек мықтылар жеңіске жетсін, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Аталған сайыс спортшыларды алдағы халықаралық тунирлерге іріктейтін жауапты сын болмақ.
ҚР чемпионатының бағдарламасы бойынша жүзу сайыстары қайта жаңғыртудан өткен “Денсаулық” спорт кешенінде өтеді. Ал веложарыс, жүгіру сайыстарын Ташкент тасжолында өткізу жоспарланып отыр.