Шымкент: Рамазан айында бірқатар тағылымды іс-шаралар өткізіледі

Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов Рамазан айына дайындық іс-шаралары бойынша баспасөз брифингін өткізді. Бақдәулет Нұрматұлы қасиетті Рамазан айының ережелері мен тәртіптері, қасиетті Қадір кешін өткізу, мешіттерде тарауих намазын оқу, ауызашар рәсімдері, т.б жағдайларды баяндап берді.

Биылғы Рамазан айы 11-наурыз басталады. Қадір түні сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн, 10-сәуір  – Ораза айт мерекесі. Пітір садақа мөлшері 640 теңге болып белгіленді.

– Өткен жылы 33 мың отбасыға азық-түлік себеті үлестірілген еді. Жомарт жандардың бастамасымен биыл да осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстары жалғасын табады. Қасиетті айда «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәттісі» және тағы басқа қайырымдылық істер, рухани кештер мен іс-шаралар өткізіледі. 60-тан астам мешітте санитарлық талапқа сәйкес, ауызашар рәсімдері ұйымдастырылады.

Қасиетті Рамазан айында «Табиғатты аяла» іс-шарасы аясында «Рамазанда бір тал ек» акциясын өткізу жоспарланып отыр, – деді қаланың бас имамы.

Биылғы Рамазанның ерекшелігі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен қатар келуінде. Мұндай сәйкестік 33 жылда бір қайталанады екен.

Мерекеде 6 қайырымдылық орталықтары арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері үлестіріледі. Және әз-Наурыз мерекесінде ауызашар, ұлттық ойындарға кезек беріліп, жамағатқа наурыз көже, бауырсақ т.б. таратылады.

Сондай-ақ, Бас имам Бақдәулет Нұрматұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауы мен үндеуін  таныстырды. Брифинг барысында қайырымдылық шаралар, ауызашар өткізу жәйі, діни дәрістер, Құран курстары, тарауих намазында Хатым Құран оқу мәселелері және тағы басқа сұрақтарға жауап берді.

ПІКІР ЖАЗУ