Шымкент пен Қызылорда әуежайларындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын

Көлік министрі Марат Қарабаев ел өңірлеріне жұмыс сапары аясында Шымкент және Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдарының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, ондағы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.

 Құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі аяқталғаннан кейін жаңа терминалдар халық игілігіне пайдалануға беріледі.

Жаңа жолаушылар терминалдары жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр.

Мәселен, Шымкент қаласы әуежайы жаңа терминалының қызмет көрсету аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. Ал өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 миллион жолаушыға дейін ұлғаймақ. Мұнда багажды тіркеу мен өңдеудің автоматтандырылған жүйесі, телескопиялық траптар және т.б. қызмет түрлері қарастырылған.

Қызылорда әуежайы жаңа терминалының жалпы ауданы 7,5 мың шаршы метрді құрайды. Терминал қолданысқа тапсырылған соң өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 2 миллион жолаушыға дейін артады. Жаңа жолаушылар терминалы сапа мен қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкес. Бұл халықаралық рейстердің ашылуына ықпал етпек.

Сонымен қатар, ҚР көлік министрі Марат Қарабаев Шымкент қаласындағы индустриялық аймақ аумағында орналасқан сауда-логистикалық орталығына барды. Бұл нысан “А+” классындағы кез-келген жүкті сақтауға мүмкіндік беретін заманауи қойма.

 

ПІКІР ЖАЗУ