ШЫМКЕНТ: «Отбасы мектебі» отбасылық құндылықтарын нығайту» жобасы аясында өткен кездесу
Мемлекет басшысы әйел мен балалардың құқығын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында азаматтық қауымдастықтармен талқылау жүргізіп, барлық пікірлерді назарға алуды тапсырған болатын. Осыған орай Шымкентке арнайы іссапармен келген ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова қоғам өкілдерімен кездесті.
«Отбасы мектебі» отбасылық құндылықтарын нығайту» жобасы аясында өткен кездесуге қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті полиция қызметкерлері, дағдарыс орталықтары мен белсенді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Онда алғаш болып сөз алған Ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова отбасы құндылықтары тұрғысында сөз қозғады. Отбасындағы ата-ананың рөлі, қоғаммен байланыс, отбасы институтын нығайтуға бағытталған заң нормаларын жетілдіру мәселесін ортаға салды.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан Республикалық Әкелер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, Street Law Kazakhstan бағдарламасының тренері, заңгер Медет Усеров, «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Айжан Мұқатаева, теледәрігер, эндокринолог, anti-age эксперт Гүлжан Аманбай саналы отбасы және әкенің бала тәрбиесіне араласуы, психологиялық мәселелер тақырыбында пікірлерін білдірді.
Кездесу соңында «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының жобасы талқыланып, ұсыныстар жинақталды.