Шымкент: өнеркәсіп және құрылыс министрі әлеуетті кәсіпорынның жұмысымен танысты
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Онда өңір дамуының кепілі болатын бірқатар индустриялық аймақтар мен өндірістік нысандарды аралауы жоспарланған.
Қ.Шарлапаев жұмыс сапары аясында “Тассай” индустриалды аймағындағы “Asia Trafo” ЖШС-нің жұмысымен танысты. «Asia Trafo» – отандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндіруші құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. 2019 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінде 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жобалық қуаты жылына 120 дана жоғары кернеулі трансформаторлар өндіреді. Зауыт өнімдеріне тек ішкі нарықта ғана емес, бүгінде шет елдерден де сұраныс бар.
Министр өндіріс орнының сынақ зертханасын, дәнекерлеу-дайындау цехын аралап көрді. Кәсіпорынның жұмысын оң бағалап, осындай кәсіпорындардың көбеюі мегаполис экономикасының дамуына жол ашатынын атап өтті. Қ.Шарлапаев кәсіпорынның алда кеңею бойынша бастамаларын толық қолдайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында 30-дан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.