ШЫМКЕНТ: Наурыз мөлтек ауданына кәріз жүйесі тартылуда

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданына қарасты Наурыз мөлтек ауданында халық көптен күткен кәріз құбырлары тартылуда.  Бүгінде Тайман, Еркіндік, Сүлейменов және Мейірбеков көшелері қазылып, құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Кәріз жүйесіне арналған құбыр Қазиев көшесіндегі коллекторға қосылады деп жоспарлануда.

Құрылыс жұмыстары  жыл соңына дейін аяқталып, мөлтек аудан тұрғындарына пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Оған  жауапты мердігер мекеме «ГХ Шымкент газ» ЖШС-гі болып табылады.

Әл-Фараби және Абай аудандары бойынша Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ, Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Сәуле, 276 орам, Ақжар-2 тұрғын алаптарындағы көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Асфальт» ЖШС атқарды.

Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған тұрғын алаптар қалаға жаңадан қосылғандықтан ішкі орам көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмеген. Себебі бас жоспарға сәйкес орташа жөндеу жұмыстары ережеге сай инфрақұрылым жүйелері жүргізілгеннен кейін бастау алады.

ПІКІР ЖАЗУ