Шымкент: мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні: халқымыздың әдет-ғұрып пен жөн-жоралғысы насихатталды

Бүгін 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай, «Наурыз» алаңында «Шуақ шашқан әз-Наурыз» іс-шарасы ұйымдастырылды.

Мерекелік кешке қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қазыналы қариялар, ақ жаулықты аналар, дәстүр жанашырлары, 6506 әскери бөлімінің сарбаздары және қала тұрғындары қатысты. Көрермендерге арнап Шымкент қалалық Мәдениет үйі, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен өзге де мәдениет мекемелерінің өнерпаздары өнер көрсетті.

Іс-шараның мақсаты – халқымыздың дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, жөн-жоралғысы, наным-сенімі мен ұлттық ұстанымын насихаттау.

Салтанатты жиында «Тілеу көже», «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Бұрымын өру», «Қыз ұзату» және «Беташар» ғұрыптарынан музыкалық-театрландырылған көріністер қойылды.

Мерекелік кеш соңында алаңға жиналған қауым Тілеу көжеден дәм татып, ғұрып-салттарымыздың шығу тарихы мен мән-мазмұны айшықталған іс-шарадан рухани сусындап қайтты.

ПІКІР ЖАЗУ