Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы қолдауымен Decentrathon 2 өтуде
Шымкентте Орталық Азияда алғаш рет әлемдік блокчейн индустриясының ең ірі хакатондарының бірі – Decentrathon 2 өтуде. Astana Hub халықаралық технопаркі және аймақтық Shymkent Hub және Blockchain Center зерттеу зертханасы ұйымдастырған іс-шараны Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы қолдап отыр. Орталық Азияда екінші рет өтіп жатқан хакатон Қазақстанның 17 өңірінде бір уақытта өтуде.
Биыл хакатонға IT саласына қызығушылығы бар 2000-нан астам қатысушы тіркелген. Ал, қаламыздан 80 адам, 29 команда болып қатысып, өздерінің бағын сынауда. Олар төрт негізгі бағыт, жасанды интеллект, Blockchain, ойын индустриясы, Telegram шағын қосымшалары бойынша тапсырмаларды орындап, жаңа жоба жасап шығулары керек. Хакатонның негізгі масаты да сол болмақ. Қатысушылар 48 сағат ішінде өзекті мәселелердің жаңа шешімдерін ұсынып, инновациялық идеяларын ұсынып, жағарыдағы салалар бойынша стандарттан тыс тәсілдер көрсетулері керек.
– «Decentrathon» Қазақстанда неғұрлым озық технологиялық ландшафт пен тұрақты блокчейн экожүйесін құру жолындағы тағы бір қадам болады. Блокчейн индустриясының дамуына үлес қосуға қаладағы Назарбаев мектептерінің оқушылары, университет студенттері қатысуда. Дарынды жастарға өз әлеуетін кең аудиторияға көрсетуге тамаша мүмкіндік болмақ. Бірнеше жылдан кейін блокчейн технологиясы біздің өмірімізге еніп келеді. Қазақстан бұл салада тек бәсекеге қабілетті елге айналып қана қоймай, алдыңғы қатарлы ел болуға толық мүмкіндігі бар. Ал Decentrathon – бұл блокчейн әлеміндегі жаңа бренд, одан керемет блокчейн қауымдастығы өседі. Хакатон блокчейн технологияларына қызығушылық танытатын барлық инноваторларға ашық, – дейді Shymkent IT Hub менеджері Тимур Қозыкеев.
Биылғы Decentrathonның жүлде қоры 50 000 АҚШ долларын құрайды. Жеңімпаздар инновациялық шешімдері мен идеялары негізінде таңдалады.