Шымкент қаласында «Күрең тұлпар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен турнир өтті
18 қазанда Қазақстанда рухани келісім күні. Шымкент қаласы дін істері басқармасы және «Күрең тұлпар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қаладағы діни бірлестік өкілдері арасында турнир өтті.
«Аламан» спорт кешенінде өткен додалы сайыста дін қызметкерлері командаларға бөлініп, кіші футбол, үстел теннисі және шахмат ойындары бойынша бақ сынасты.
Қоғамды ұлты мен дініне қарамастан біріктіруге, тұрақтылық пен келісімді сақтауға және одан әрі дамытуға бағытталған шараның мақсаты азаматтарды ортақ рухани-адамгершілік құндылықтарға топтастырып, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық, толеранттық, рухани келісім идеяларын насихаттау болды.
Дінаралық келісім, ұлтаралық татулық — қай мемлекеттің болса да экономикасы мен әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Қазақстан – жүздеген этнос пен оннан астам дін өкілін құшағына сыйдырып, бауырына басқан зайырлы мемлекет. Діндер арасындағы татулық пен тұрақтылық, этностар арасындағы келісім мен бейбітшілік — біздің елдің ең үлкен жетістігі. Ұлтаралық келісімді сақтай отырып, өзге дін өкілдеріне де айрықша құрмет пен сыйластық таныту да мәдениет.
Спорттық мәреде дін қызметкерлерінен құралған командалар жақсы ойын көрсетті. Тартысты ойында жеңімпаз болатыны анық. Жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жеткен командаларға алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.