ШЫМКЕНТ: Қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мұражайы қорында 200-ге жуық қуыршақ бар
Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында 40 жылдық тарихы бар қуыршақтар сақтаулы. Мұндағы экспонаттар оннан астам мемлекеттен әкелінген. 1983 жылы театр алғаш ашылған сәтте Ресей, Молдава, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. елдерден театрға арналған арнайы қуыршақтар әкелінген болатын. Театр ашылған күннен бастап қуыршақ жасау үдерісі дәстүрлі түрде қалыптаса бастады.
Бүгінгі таңда Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мұражайы қорында 200-ге жуық қуыршақ бар. Театр репертуарының тақырыптық ерекшелігі әр қилы болуына байланысты әлемдік деңгейдегі классикалық туындылар, халық ертегілері, отандық авторлардың шығармаларына арналған жалпы саны 150-ге жуық сахналық қойылымдардың қуыршақтары да ерекше күтіммен сақталады.
Театрға келген әрбір көрермен мұражаймен, мекеме тарихымен және қуыршақтармен таныса алады. Мұражайдағы ең көне қуыршаққа 40 жыл толып отыр.
Шымкент қаласында жалғыз қуыршақ және жасөспірімдер театры жұмыс істейді. Мекеме бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге қуаныш сыйлау, қуыршақтардың көмегімен ертегілер және қойылымдармен кішкентай достарын қуантуды мақсат еткен.
Театр репертуарында бүгінгі таңда отандық және шетелдік авторлардың қазақ және орыс тілдерінде 150-ге жуық қойылымдары бар.