Шымкент: амал мерекесі Астана алаңында тойланды

Көрісу күні Астана алаңында да тойланды. «Көрісу – жаңа өмір, жаңа күн» іс-шарасына Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының, Көрме орталығы мен Түркістан сарайының, Архив мекемесінің, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен өзбек театрының өнер тарландары, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың мамандары қатысты.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында тойланатын Көрісу күні – Амал мерекесінің қазақ халқы үшін орны ерек.  Халқымыз қытымыр қыстың кері шегініп, жер аяғы кеңіген сәтте жылдан жылға есен-сау жеткеніне шүкір айтып, алыстағы ағайынын іздеп, қауышатын болған. Мәдениет саласының мамандары бүгін сол ата дәстүрді жаңғыртып, шаһардың орталық алаңында құшақ жайып, қауышты. Наурыз тойын жақындата түскен Көрісу мерекесімен құттықтап, ақ жаулықты аналарымыз ақ тілегін жаудырса, ел ағалары ақ батасын берді. Өнерпаздар қазақтың ән-күйінен шашу шашып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, Көрісу күніне арналған іс-шараға Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 20 мекеменің қызметкерлері атсалысып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ