Шымкент: 48 адам газдан уланған

Еңбекші ауданында өткен жылыту маусымында 48 газдан улану жағдайы тіркелді. Ал 2 азамат қайтыс болған. Сондықтан мамандар көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмысын бастады.

Еңбекші аудандық төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері жылыту маусымына дайындық жұмысын бастады. Өйткені өткен кезеңде улы газдан 48 адам уланып, 2 азамат көз жұмған. Сондықтан мамандар түсіндіру жұмысын ерте бастағанын айтады.

Асқар Шәріп, Еңбекші аудандық төтенше жағдайлар басқармасының инженері: «Алдағы уақытта жылыту маусымы келе жатыр. Жылыту кезінде бізде көбіне улы газдан, табиғи газдан улану өте көп тіркеледі. Көрсеткішті азайту мақсатында және газбан уданудың алдын алу мақсатында қазір ауқымды үгіт насихат жүргізіліп жатырмыз. Қазір үйлерге кіріп, газ баллондарымен қалай жұмыс жасайтынын көрсетіп, түсіндіріп жатырмыз»

Мамандар уланудың басты себебі су жылытуға арналған құрылғының дұрыс орнатылмауынан дейді. Көбіне газ колонкасына жалғанған құбырлар талапқа сай келмейді екен. Оған қоса көпқабатты үйлерде газ баллондарын қолданып жатқандар да кездеседі.

Элмира Хуршидова, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы: «ҚР газ және газ жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес 2 қабаттан асатын үйлерде газ баллондарын қолдануға болмайды. Біздің арнайы әзірлеген жадынамаларымыз бар. Оның бәрін халыққа таратып, түсіндіреміз. Қазір қыс мезгілі келе жатыр. Жылыту маусымында адам өмірі үшін оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз»

Қазірге дейін Еңбекші ауданында 19 мыңнан аса жадынама таратылып үлгерді. Басымдық көпқабатты үй иелеріне берілген. Себебі апатты жағдайға көппәтерлі тұрғын үй азаматтары душар болып жатады.

ПІКІР ЖАЗУ