ШЫМКЕНТ: 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар спорт секциясына, шығармашылық үйірмесіне тегін бара алады
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен өзі жетекшілік ететін салалардағы бірқатар нысандарға баспасөз туры ұйымдастырылды. Қала әкімінің орынбасары БАҚ өкілдерін мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржыландыру жобасына қамтылған бірқатар жекеменшік спорттық нысандармен таныстырды.
Іріктеуден өткен білікті өнім берушілердің бірі «Эталон Клининг» ЖШС-гі. Кәсіпкер «STRONG» фитнес орталығын жалға алу арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасап отыр. Спорт кешенінің жалпы ауданы 950 шаршы метрді құрайды. Кәсіпкер бокс және таеквондо спорт түрінен 160 балаға өтінім жолдап, осы жылдың 3 шілдесінен бастап жұмыс жасауда. Қазіргі таңда 110 ата-анадан өтінім түсіп, ата-ана мен кәсіпкер арасында келісім-шарт жасалған.
Қала әкімнің орынбасар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалар спортын дамыту бойынша берген тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып отырған жоба туралы түсіндіріп өтті.
«Жаңа жоба бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыспен кез-келген спорт секциясына, шығармашылық үйірмесіне тегін бара алады. Жаңа жобаға сәйкес ата-аналардан спорттың 71 түрі бойынша өтініштер қабылданады. Қазір спорттың бокс, футбол, грек-рим күресі, жүзу спорты, үстел теннисі, каратэ, таэквондо, дзюдо, баскетбол түрлері бойынша ата-аналардан 3347 өтінім түскен. Жобаны іске асыруға биылға 339,8 млн теңге қаралып, 4096 баланың спорттық секцияларға баруына мүмкіндік берілген»,-деді М.Исахов.
Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында 2021 жылдың мамыр айында «Бала» сандық платформасы іске қосылды. Бұл платформаға artsport.edu.kz мекенжайы арқылы кәсіпкерлер, жаттықтырушылар және қаланың әрбір тұрғыны ата-ана ретінде өтінім жолдай алады. Ата-ана балаға арналған шығармашылық немесе спорттық үйірмеге өтініш беріп, ваучер (бірегей нөмір) алады.